Тәжікстан Республикасының делегациясы Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтына келді

2026 жылғы 22 қазанда Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтына (ҚазҚӨТҒЗИ) Тәжікстан Республикасының делегациясы жұмыс сапарымен келді. Сапар Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Қазақстандағы өкілдігінің ұйымдастыруымен өтті.

Делегация құрамында Тәжікстан Республикасының бейінді мемлекеттік органдары мен халықаралық ұйымдарының өкілдері, атап айтқанда, Азық-түлік қауіпсіздігі комитетінің өкілі Баходур Каримов, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Нушервони Билоли, ФАО-ның Тәжікстандағы өкілдігінің өкілі Иброхим Ахмадов, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тамақ өнеркәсібін дамыту және тағам өнімдерінің сапасын бақылау салаларында қызмет атқаратын өзге де мемлекеттік мекемелердің өкілдері болды.

Сапардың негізгі мақсаты – Институттың ғылыми-зерттеу қызметімен, қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі саласындағы тәжірибесімен, сондай-ақ инновациялық әзірлемелерімен танысу.

Кездесу барысында заманауи технологиялар мен жабдықтарды қолдану, өсімдік және жануар тектес шикізатты терең әрі кешенді өңдеу, функционалдық және ұлттық тағам өнімдерін әзірлеу, сондай-ақ тағамдық шикізат пен дайын өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, ғылыми зерттеулердің перспективалық бағыттары, инновациялық технологиялық шешімдер және ғылыми әзірлемелерді тағам өнеркәсібіне енгізу мүмкіндіктері қарастырылды.

Аталған сапар Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға, тағам технологиялары, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттарындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге маңызды мүмкіндік берді.

Leave a Comment

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Scroll to Top