Қазақстанның Ұлттық даму жоспарының жаңа редакциясында ғылым саласында отандық ғылымның прогрессивті технологиялық шешімдерін өндірістік және өнеркәсіптік секторға енгізу, нәтижесінде бәсекеге қабілетті отандық кәсіпорындарды қалыптастыру жоспарланған.
Осы старатегиялық жоспарға сай Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналық қаржыландыру (БНҚ) аясында Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми зерттеу институтының базасында BR10764977-OT-21 «Тамақ өнеркәсібінің дамуын қамтамасыз ету мақсатында ББҚ, ферменттер, ашытқылар, крахмал, майлар және т.б. өндірудің заманауи технологияларын әзірлеу»» ҒТБ аясында «Тритикале жаңа отандық сұрыптары негізінде нан-тоқаш, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер мен құрама жем технологиясын жасау» жобасы бойынша ҒЗЖ жұмыстарын басталды. Жобаның ғылыми жетекшісі – техника ғылымдарының кандидаты Умиралиева Ләззат Бекенқызы.
Өткен ғасырдың 50 жылдарынан бастап Шотландия, Канада, Ресей, Қазақстан ғалымдарымен бірлесе отырып тритикале селекциясы жолға қойылған болатын. 1975 жылы әлемнің 75 елін қамтыған бүкіләлемдік тритикале сорттарын зерттеу жүргізілді.
Қазақстанда тритикале дақылына азық-түлік шикізат көзі ретінде көзқарас қалыптаспай отыр. Себебі тритикале дәнін өңдеудің өз ерекшеліктері бар: біріншіден – ұн алу технологиясында эндоспермнің химиялық құрамын ескеру қажеттілігі және қабығын бөлу процесінің бидай өңдеуден басқаша болатыны. Екіншіден Қазақстанда тритикале өнімдеріне арналған нормативтік-техникалық құжаттардың болмауы. Сондықтанда Қазақ ҚӨжТӨҒЗИ ғалымдарының сұраныс хатының нәтижесінде Техникалық реттеу және Метрология Комитетінің төраға орынбасары 2022 жылдың хатынан кейін тритикаленің ГОСТ 34023-2016 және ГОСТ 34142-2017 стандарттарын қабылдау және ҚР базасына енгізу жұмыстары басталды.
Жоба барысында Қазақ Егіншілік және Өсімдік шаруашылығы ҒЗИ ғалымдары Р.А.Оразалиев, Қ.Қ. Қожахметов, А.Т.Сарбаев бастаған ғалымдар қауымымен шығарылған ҚР Селекциялық жетістіктерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген «Таза», «Қожа», «Азиада», «Baru», «Балауса» сорттарының технологиялық қасиеттері зерттелуде.
Аталған сұрыптардан лабораториялық жағдайда тұтас тритикале дәнін ұнтақтау арқылы ұн өндірілді.
Зерттеу барысында тритикале ұнының физика-химиялық және реологиялық қасиеттері Спектран , Диафаноскоп, Mixolab, Unity құралдарында анықталды.
Мысалы: ақуыз мөлшері бойынша «Бару» сорты 13,29 % көрсетіп басқа сорттарға қарағанда алдыңғы қатарда екені анықталды.
Амин қышқылының құрамы бойынша салыстырмалы бағалау тағы да «Бару» сортынан алынған ұн басқа түрлерімен салыстырғанда лизиннің құрамы бойынша 0,12%-ға, тирозин бойынша 0,16%-ға және глицин бойынша 0,16%-ға көп көрсетті.
Тритикаленің отандық сорттарының болашақта нан-тоқаш және ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіру үшін ұн алуға әлеуетті мүмкіндіктері бар.
Мақаланың авторы – Абуова Алтынай Бурхатовна, бас ғылыми қызметкер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор.