Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаржыландыруымен және Ұлттық аграрлық ғылыми – білім беру орталығының тапсырысымен Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты «Білім мен ғылыми зерттеулердің қолжетімділігін арттыру» бағдарламасы аясында, «Сиыр мен бие сүтін йогурт және ірімшіктің жаңа түрлерінің өңдеу технологиялары» тақырыбы бойынша Жамбыл облысы Жуалы ауданының сүт өңдеу кәсіпорындарында консультациялық іс-шара ұйымдастырды.
Іс -шара аясында «LF Company» ЖШС («Aq Altyn» өнімімен) өндірістің технологиялық процестері мен сүт өнімдерінің сапасын басқару, тексеру және бағалау жұмыстары жүргізілді, кәсіпорын басшыларымен кездесу ұйымдастырылды. Жуалы ауданының әкімшілік орталығындағы Бауыржан Момышұлы атындағы шағын ауылда сүт өнімдерін шығаратын он шақты кәсіпорын бар, сонымен қатар жаңадан құрылған кәсіпорындар да бар, олардың бәсекелесті жұмыс атқаруы аймақтық индустриялық – инновациялық дамудың жарқын үлгісі.
Ғылыми зерттеу институтының сүт бағыты бойынша қызмет етіп жүрген ғалымдарының ғылыми жобаларының нәтижелерін және де болашақтағы перспективті идеяларды талқылап, сүт өнімдерін өндірушілермен келешекте атқарылатын жұмыстары жоспарланды. Соның ішінде сиыр сүтімен қатар, қазақ халқына жат емес бие сүтін де өңдеу мүмкіндіктері, қымыз өнімінен де басқа сусындарға және сүтқышқылды өнімдерге өңдеу мүмкіндіктері қарастырылды.