2026 жылғы 29 мамырда Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының Алматы қаласындағы филиалында «Аграрлық ғылымды және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін ғылыми тұрғыдан қолдауды дамыту: теория, әдіснама және тәжірибе» (Қалиев оқулары-1) халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы аясында «Агроинженерия, өңдеу және АӨК цифрландыру» секциясының отырысы өтті.
Секция жұмысына Қазақстан Республикасының Ұлттық аграрлық ғылым академиясының, Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібтері ғылыми-зерттеу институтының, Қазақ аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің, Алматы технологиялық университетінің ғалымдары, сондай-ақ салалық ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері мен шетелдік ғалымдар қатысты.
Отырыс барысында ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеудің инновациялық технологияларын енгізу, өнімді терең өңдеуді дамыту, функционалдық, жоғары ақуызды және глютенсіз тағам өнімдерін, сондай-ақ жаңа буын құрамажемдерін өндіру мәселелері қарастырылды.
Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру, интеллектуалды жүйелер мен заманауи инженерлік шешімдерді енгізу, тұйық цикл технологияларын дамыту, қайталама шикізатты қайта өңдеу және өндірістің экологиялық тұрақтылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Конференцияға қатысушылар импортты алмастыру үдерістерін ғылыми-техникалық сүйемелдеуді күшейту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін арттыру, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және аграрлық ғылым мен тағам технологиялары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту қажеттігін атап өтті.
Секция жұмысының қорытындысы бойынша қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің ғылыми әлеуетін одан әрі нығайтуға бағытталған практикалық ұсынымдар қабылданды.


