DP23692384 «Дәнді-бұршақты дақылдар негізінде микронутриенттермен байытылған композиттік ұн өндіру технологиясын коммерцияландыру және ақылды фабрика құру» коммерцияландыру жобасын іске асыру аясында «Bal Halal» ЖШС өндірістік базасында институт ғалымдарының халықаралық сарапшы, азық-түлік инженері/бас аудитор, GİMDES техникалық комитетінің мүшесі Мехмет Баяр (Mehmet Bayar) мырзамен өнімді «Халал» стандарттары бойынша сертификаттау мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында сертификаттау рәсімінен өтудің негізгі кезеңдері, өнімге қойылатын халықаралық талаптар мен стандарттар, сондай-ақ өндірістік процестерді «Халал» нормаларына сәйкес ұйымдастыру қағидаттары егжей-тегжейлі қаралды. Өндірістік бақылау, шикізат пен дайын өнімнің қадағалануын қамтамасыз ету, санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтау және ішкі аудит жүйесін енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесуге қатысушылар кәсіпорынды сертификаттауға дайындау тетіктерін, құжаттамаға қойылатын талаптарды, сақтау және логистика шарттарын, сондай-ақ шығарылатын өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру бойынша одан әрі жасалатын қадамдарды талқылады.
Бұл кездесу инновациялық өндірісті дамытуға және отандық өнімнің халықаралық нарықтардағы үлесін кеңейтуге бағытталған жобаны іске асырудағы маңызды кезең болды.



