«ҚазҚӨТҒЗИ» ЖШС-не Германияның ғылыми делегациясы келді

2026 жылғы 30 қазанда Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтына Германия Федеративтік Республикасының жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен ұйымдарының өкілдерінен құралған делегация келді.

Делегация құрамында Тюнен институты (TI), Фридрих Лёффлер институты (FLI), Макс Рубнер институты (MRI), Юлиус Кюн институты (JKI), Лейбниц атындағы Аграрлық даму институты (IAMO) және Қоршаған орта мәселелері жөніндегі тәуелсіз институттың (UfU) өкілдері болды. Қонақтар қатарында профессор Арне Хегеманн, доктор Нодир Джанибеков, доктор Сара Кранц және Германияның басқа да ғылыми қауымдастық өкілдері болды.

Ресми кездесу барысында «ҚазҚӨТҒЗИ» ЖШС Басқарма төрағасы құттықтау сөз сөйлеп, шетелдік қонақтарды институттың ғылыми-зерттеу қызметінің негізгі бағыттарымен, жетістіктерімен, инновациялық әлеуетімен және алдағы даму перспективаларымен таныстырды.

Сонымен қатар, институттың Коммерцияландыру бөлімінің жетекшісі А.Ж. Кулмаков сөз сөйлеп, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, инновациялық технологияларды өндіріске енгізу, ғылыми нәтижелерді нарыққа шығару және отандық кәсіпорындармен ынтымақтастықты дамыту жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді тәжірибеде қолдану мүмкіндіктері мен халықаралық серіктестікті кеңейту перспективаларына тоқталды.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу, тағам өнімдерін өндіру технологияларын жетілдіру, жаңа тағам өнімдерін әзірлеу және қайта өңдеу мен тағам өнеркәсібіне инновациялық шешімдерді енгізу саласындағы институттың ғылыми әзірлемелеріне ерекше назар аударылды.

Сапар аясында неміс делегациясы қазақстандық ғалымдардың озық ғылыми-технологиялық әзірлемелерімен, жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалардың нәтижелерімен, сондай-ақ отандық тағам өнеркәсібінің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған перспективалы технологиялармен танысты.

Кездесу барысында ғылыми ынтымақтастықты дамыту, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, тәжірибе алмасу және заманауи технологияларды енгізу мәселелері бойынша пікір алмасылды.

Германиялық ғылыми делегацияның сапары Қазақстан мен Германияның ғылыми-зерттеу ұйымдары арасындағы халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды.

Leave a Comment

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Scroll to Top