Қызметтік иттер ұлттық қауіпсіздік пен азаматтық қорғаныс жүйесінде маңызды рөл атқарады. Олар күзет, патрульдік қызмет, есірткі мен жарылғыш заттарды іздеу, сондай-ақ төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде кеңінен қолданылады. Үй жануарларына қарағанда, қызметтік иттердің физикалық жүктемесі әлдеқайда жоғары. Сол себепті дұрыс және теңгерімді тамақтану олардың жұмыс қабілеттілігі мен денсаулығын сақтауда шешуші мәнге ие.
Қызметтік иттердің рационы олардың физиологиялық қажеттіліктеріне сәйкес болуы тиіс. Энергетикалық тепе-теңдікке иттің салмағы, жасы, ұсталатын жағдайы мен белсенділік деңгейі әсер етеді. Мысалы, орташа жұмыс кезінде энергия шығыны шамамен 30 %-ға артады, ал қыс мезгілінде бұл көрсеткіш жаз мезгілімен салыстырғанда қосымша 15 %-ға көбейеді.
Тамақ құрамындағы қоректік заттарға ерекше көңіл бөлінеді. Бұлшықет массасын сақтау үшін жануар тектес ақуыздар (ет, балық, жұмыртқа, сүт өнімдері) рациондағы ақуыз мөлшерінің 60–80 %-ын құрауы қажет. Ақуыздың шамадан тыс артуы бауыр мен бүйрекке артық салмақ түсіріп, ағзаға зиян тигізуі мүмкін. Майлар жалпы калорияның 20 %-ына дейінгі бөлігін қамтамасыз етіп, дәрумендердің сіңірілуіне ықпал етеді. Көмірсулар (қант, крахмал және талшық түрінде) энергияның шамамен 70 %-ын береді. Минералды заттар (құрғақ заттың 2–3 %-ы) алмасу процестерін реттейді, бірақ ас тұзын шамадан тыс қолдану иттің денсаулығына қауіпті.
ҚазҚӨТӨҒЗИ қызметтік иттердің қажеттіліктеріне барынша бейімделген рациондарды әзірлеуге бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті тарапынан 2023–2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру аясында жүзеге асырылуда (ИРН АР19680059 «Қазақстанның қызметтік иттеріне арналған толық рационды құрғақ азық өндірудің рецептері мен технологиясын әзірлеу», мемлекеттік тіркеу № 0123РК00225).



