Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институты» ЖШС делегациясы еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі — «Шәкәрім атындағы Семей университеті» КЕАҚ-да болды.
Кездесу барысында университет ректоры Санжар Орынбеков оқу орнының ғылыми-зерттеу бағыттарын таныстырып, университеттің материалдық-техникалық базасы мен ғалымдардың қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды. Ректор заманауи білім ордасының агроөнеркәсіптік кешен мен тағам өнеркәсібін дамытуға бағытталған ғылыми әлеуетін егжей-тегжейлі көрсетті.
Кездесуге институттың Басқарма Төрағасы Уразбаев Ж.З. және коммерцияландыру бөлімінің мамандары Джумагазиев М.С. пен Кулмаков А.Ж. қатысты.
Сондай-ақ, іс-шараға «Агротехнологияларды трансферттеу және коммерцияландыру орталығы» ЖШС өкілі Санжар Ерлан қатысып, ғылыми жобаларды коммерцияландыру, трансферттеу және оларды өндіріске енгізудің тиімді тетіктерін ортаға салды.
Бұл кездесу академиялық ғылым мен қолданбалы зерттеулердің басын қосып, өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігі мен өңдеу саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.


